«Батырлар» фильмі үлкен экранға жол тартады

Жақында көшпенділер дәуірін қамтыған тарихи драма үлкен экранға жол тартпақ. «Батырлар» атты фильмде жоңғар шапқыншылығындағы қазақ батырларының ерлігі баяндалады.

АСҚАР ҰЗАБАЕВ, РЕЖИССЁР:

 - Әдетте, бізде кинода батыр боп танылған, ерлігімен елін қорғаған тұлғаларды көрсетіп жатады. Ал мен жас жігіттің батыр болып қалыптасу жолын көрсеткім келді.

Киноны түсіру барысында режиссер тарихшылармен бірнеше ай бойы кеңескен.  Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі табиғат фильм түсіруге үлкен мүмкіндік берді. Алайда, ауа-райының құбылуы біршама кедергі келтірді, - дейді режиссер.

АСҚАР ҰЗАБАЕВ, РЕЖИССЁР:

 - Бір үлкен сахнаны 5 күн бойы түсірдік. Бұл ауқымды шайқасқа «Номад» каскадерлері қатысты. Жауды еңсерген соғыс көріністеріне  70 каскадер атымен, оған қоса 50-ге жуық жаяу жауынгерлер атсалысты.

Актерлерге атпен шабуды меңгеріп қана қоймай, жыртқыш аңның тілін табуға тура келген. Кино үшін жас жолбарыс Мәскеуден арнайы әкелініпті. Түз тағысының қай эпизодта болатыны әзірге құпия. Ерекше көрініске көрермен 12 наурыздан бастап  куә болады.

Фото: altyn-orda.kz