«Астана Опера» театрында «Елордадағы музыкалық кездесулер» атты коцерт өтті

«Елордадағы музыкалық кездесулер». Дәл осындай атаумен «Астана Опера» театрында дарынды жас қазақстандықтардың классикалық әуенге толы кеші өтті. Шараның бастамашысы – «Astana Piano Passion» халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауының лауреаты Әлия Асанова. Өнерпаз өзінің жастығына қарамастан көптеген танымал сахналарда өнер көрсетіп үлгерген.

Оның айтуынша, туған жерде осындай басқосуды ұйымдастыру идеясы көптен бері ойда жүрген. Осы жолы сәті түсіп, әріптестері әрі П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебіндегі сыныптастарын елордаға, осындай бірегей кеште өнер көрсетуге шақырған.

ӘЛИЯ АСАНОВА, ПИАНИСТ:

 - Бұл жерде ішекті, үрмелі аспаптарда және фортепианода ойнайтын музыканттар жиналды. Бізді бір мектепте оқығандығымыз біріктіреді. Бұл – Қазақстанда алғаш рет көрсетіліп отырған бірегей жоба. Ол белгілі байқаулардың лауреаттарын, танымал музыканттарды біріктіріп қана қоймай, сонымен қатар әлемдегі ең үздік мектептің шәкірттерін бір сахнада жинап отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: inform.kz