«Батырлар» тарихи фильмі көрерменге жол тартты

Ұлы Даланың батырлары. Олар қалай өмір сүрген? Елін, жерін қорғаған ер азаматтарымызды ерлікке не итермеледі? Жақында көрерменге жол тартатын «Батырлар» кинофильмі осы туралы баяндайды. Тарихи көркем фильм 12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Қарасай, Ағынтай және Таймас батырлардың ерліктерін дәріптейтін фильм «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілді.

Айта кетерлік жайт, қоюшы режиссер бұл фильмде басты рольдерге танымал актерлерді емес, жастарды тартыпты. Ал олар өздеріне артқан жауапкершілікті абыроймен алып шығуға тырысты.

АСҚАР ҰЗАБАЕВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:

 - Мен жас актерлерге үміт артамын, қазақстандық киноға көп түспейтін таланттарға көп көңіл бөлемін. Сонда экрандағы дүние өзгеше болады. Көрермендер де оған лайықты бағасын береді. 

Бұл кинотуынды қазақстардың қалмақ-ойраттарға қарсы соғысы жайлы ғана емес. Туындыда, сондай-ақ ел басына күн туған қилы кезеңдердегі халқымыздың  татулығы мен бірлігі баяндалады.

Авторлардың айтуынша, фильм тарихи шындыққа сай түсірілген. «Батырлар» фильміндегі костюмдер де ортағасырлардағы сауыттарға ұқсас.

НАЗАР ШАРХАН, АКТЕР, ҚАРАСАЙ БАТЫР РӨЛІНДЕ:

 - Біздің ата-бабаларымызға да оңай болған жоқ. Егер біз сол заманда өмір сүрсек, аман қалмайтын сияқтымыз. Арғы аталарымыз өте мықты болған екен, рухани, моральдық жағынан. Соны түсіндім.

Фото: Хабар