Нұр-Сұлтанда Кувейт аспаздарының шеберлік сабақтары өтті

Қазақтың кең дастарханынан әр кез табылатын бауырсақты танымал кувейттік аспаз Jomana Jaffar әзірлеуде. Оның  айтуынша, Оңтүстік Шығыс Азияның халқы да ұннан жасалған тағамдарды ерекше қадірлеп, нанның қасиетін жоғары бағалайды. Тек Кувейтте қазақтың бауырсағына ұқсас ас көбіне тәтті етіліп жасалып, десерт ретінде ұсынылады.

JOMANA JAFFAR, АСПАЗШЫ, /КУВЕЙТ/:

 - Біз де ұнға су, тұз қосып, қамыр илейміз. Дәл қазақтың бауырсағындай майға қуырамыз. Бірақ біздің тағамның басты ерекшелігі – бауырсақ дайын болғанда, оны шәрбатқа малып, түрлі тәтті ас дәмдеуіштерін қосамыз. Қазір мен қант шәрбәтімен жасап жатырмын.  

Jomana Jaffar мен Zeyad Hamadah елімізде аспаздық шеберлік сабақтарын өткізу үшін Қазақстандағы Кувейт елшілігінің арнайы шақыртуымен келген. Сондай-ақ қос шебер Нұр-Сұлтан қаласында Кувейт мәдени күнін атап өту іс шарасына ортақтасатын болады. Елімізге алғаш аяқ басқан аспаздар қазақтың дәстүрлі тағамдарының дәмін татып көріп, кәсіби тұрғыда жоғары бағаларын беріп отыр.

ZEYAD HAMADAH, АСПАЗШЫ, /КУВЕЙТ/:

 - Бесбармақтың дәмін татып көрдім. Үлкен көлемде ет асылып жайылған қамырмен жасалады екен. Бізде әдетте етті тұтастай пісіреміз, тек қамырдың орнына күріш саламыз. Қазақтың ұлттық тағамдарымен біздің асхананың ұқсастықтары көп. Қазақстанға тағы бір келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, өзімізде тәжірибе алмассақ деймін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: weproject.media