Нұр-Сұлтанда «La vie en rose» атты француз әуендерінің кеші өтті

Махаббат пен романтикаға толы музыка жауһарлары елорданың басты концерттік залында шырқалды. Нұр-Сұлтанда «La vie en rose» атты француз әуендерінің кеші өтті. Қазақстанның танымал орындаушысы Гүлнар Көшенова өз өнерімен Париждің сұлулығы мен әсемдігін, атмосферасын жеткізе білді. «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен талантты артистің орындауында француз мюзиклдері мен кинофильмдерінен атақты хиттер, сондай-ақ Эдит Пиаф, Мирей Матье, Джо Дассен, Ив Монтан және Изабель Жеффруаның романстары орындалды. Аты аңызға айналған композициялар француз және қазақ тілдерінде мүлдем жаңа интерпретацияда орындалғандығын атап өткен жөн. Мұндай жаңашылдық қазақ халық аспаптарының дыбысталуымен қоса, сахнада бірегей шығармашылық перформанс жасай отырып, музыкалық өнердің екі түрлі жанрын синтездеуге мүмкіндік берді, дейді артистер.

ГҮЛНАР КӨШЕНОВА, «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ СОЛИСІ:

 - Осындай концерт өткізу бұрыннан ойымда жүр еді. Мен «Сазгер сазы» фольклорлық ансамблімен өнер көрсетіп жүрген кезімде, шетелге гастрольдік сапарға шығып тұратынбыз. Сосын жұмысқа келген кезде ойыма осыған ұқсас концерт жасау идеясы келді. Бірақ мен оны аспаптық музыкамен толықтырып, қазақ музыкасын француздық өңдеуде жасап шығаруға шешім қабылдадым. Ойымды жүзеге асыруға маған Ерлан Сәпиев көмектесті. Ол – біздің музыка өңдеуші. Концертте джаз әуендері, «Эсмеральданың» екі ариясы болады. Әрине олар қазақ тілінде орындалады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: sputniknews.kz