Нұр-Сұлтанда балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа театр ашылады

Биыл елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған театр ашу жоспарлануда. Жағымды жаңалықты бас шаһарда өткен «Театр диалогы» клубының тұсаукесерінде Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы жеткізді. Жаңа өнер ордасы халықаралық деңгейдегі театрлардың тәжірибесін негізге алмақ.

НҰРЛАН СЫДЫҚОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

–Бір байқағанымыз бүгінгі күні бізде 3 жастан 7 жасқа дейін «Қуыршақ» театры жұмыс жасайды, ал 7-8 жастан 14-16 жасқа дейінгі жас аралығын қамтитын, жасөспірімдерімізді қамтитын өкінішке орай театрымыз жоқ. Сол себепті қазір біздің ұсынып отырғанымыз, дәл қазіргі уақыт болашақ көрермен дайындайтын уақыт деп есептейміз. Мысалы, Алматыда екі тюз бар. Сол сияқты біз Нұр-Сұлтан қаласында ашқанды жөнкөріп  отырмыз. Бірақ мұның бір ерекшелігі – бұл заманауи, мюзикл ретінде де болуы мүмкін.

2020 жылды елордалық мәдениет басқармасы «Театр жылы» деп жариялап отыр. Сондықтан  бас шаһар түрлі шараларға толы болмақ. Солардың бірі – «Сахна саңлағы» атты арнайы сыйлығы. 10 номинация бойынша марапат ұсынатын бірегей жоба ең үздіктерді марапаттау мен театр өнерін қолдауды көздейді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: miloserdie.ru