«Астана Опера» театрында «Солодан квартетке дейін» музыкалық жобасы ұсынылды

Альт, скрипка, фортепиано және виолончель. «Астана Опера» театрының артистері және Қазақ Ұлттық өнер университетінің музыканттары әрқилы аспаптардың үнін ерекше үндестіре білді. Өнерпаздар XX ғасырдағы танымал композиторлардың қайталанбас туындыларын орындады. Музыканттардың бірлескен концерті «Солодан квартетке дейін» музыкалық жобасы аясында жүзеге асты. Елордалық өнерсүйер қауым назарына Астора Пьяццолла, Дмитрий Шостакович, Сергей Прокофьев және Алмас Серкебаевтардың шығармалары ұсынылды.

Инструменталдық синтез, орындалған шығармалардың жанрлық ерекшеліктері, камералық акустика мен айрықша техника тыңдарманды орнына таңып, құлақ құрышын қандыра білді.

НАЗЫМ УӘЛИЕВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

-  Біз бұл концертке 2 айдай дайындалдық. Міне, бүгін керемет залда осы уақыттағы жұмысымыздың нәтижесін көрсетіп отырмыз. Көрермендерді классикалық шығармалармен, камералық музыкамен және ішекті аспаптармен таныстыруды жалғастырамыз.

КАМИЛӘ АХМЕТОВА, ҚАЗҰӨУ ОҚЫТУШЫСЫ:

-  Алмас Серкебаевтың шығармалары жеке аспаппен сирек орындалады. Мысалы, фортепианоға арналған «До минор» сонатасының финалы. Көрерменге осы бір керемет туындыны ұсынғымыз келді. Онда халық шығармаларының өңделген тұстары қызықтырады. Еуропалықтар қазақтың дәстүрлі музыкасына таңсық және бұл сенсация сияқты қабылданады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: inform.kz