Неміс ұлты өкілдері туралы «Екі дүниеде» халықаралық жылжымалы көрмесі ашылды

Әлемнің 25 елінде өмір сүріп жатқан неміс ұлты өкілдерінің көпғасырлық тарихы, салт-дәстүрлері, қоғамдық қызметі және қазіргі тұрмыс-тіршілігі. Осының барлығы елордадағы Еуразия ұлттық университетінде қанат жайған «Екі дүниеде» халықаралық жылжымалы көрмесінің стендтері мен стеллаждарында көрініс тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар неміс тілін сақтауға және насихаттауға, шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан немістерді біріктіруге өз әсерін тигізеді.

АЛЬБЕРТ РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Немістердің Еуропалық қауымдастығы бар. Біздің «Возрождение» қоғамы да соған кіреді. Бүгінде неміс ұлтының өкілдері Еуропаның 20-дан аса елінде тұрып жатыр. Бұрынғы Кеңес республикаларында да немістер бар. Осы қоғамдардың бәрі өз материалдарын жинақтап, осы көрмеге ұсынды. Мұндай шаралар елдер арасындағы байланысты нығайтатын тірі көпір іспеттес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаға алғашқы сапарын Германия еліне жасағаны белгілі. Біздің елдегі немістердің тарихи отанымен байланысын үзбеуі халықаралық байланыстарымыздың маңызды бөлігі ретінде қарастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, интерактивті экспозицияның заманауи форматы бірнеше тақырыпты қамтыған. Бірі жер аударылып кеткен мыңдаған отбасының күрделі тағдыры туралы ақпарат берсе, енді бірінде театр фестивальдерінен, концерттер мен  неміс мәдениеті күндерінен фотодеректер ұсынылған.

БЕРНАРД ГАЙДА, ПОЛЬШАДАҒЫ НЕМІС ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ҚОҒАМЫ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл көрменің мақсаты – түрлі елдерде тұратын немістердің ұқсастықтарын көрсету. Қазақстанға бұл ұлт өкілдері 1941 жылы жер аударылған. Яғни немістермен қатар, басқа да ұлт өкілдері жаппай көшірілген болатын. Көрме әлемнің 25 елінде тұратын неміс ұлты өкілдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен ана тілдерін сақтауға деген көзқарастарын бейнелейді.

«Екі дүниеде» көрмесі 21 ақпанға дейін жалғасады. Ал одан әрі Қырғызстан астанасы Бішкекте көпшілік назарына ұсынылады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: enu.kz