Елордада «Этнотерапия» жобасы ұсынылды

Музыкамен емдеу. Ұлы даланың көне әуендері жанға дауа дертке шипа болар қасиетке ие. Бұған танымал қазақстандық композитор Серік Нұрмолдаев нық сенімді. Сазгер осыны айғақтайтын ерекше «этнотерапия» атты жобасын алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Емдік қасиеті бар бірегей  музыкалық бағдарламада шаңқобыз, домбыра, жетіген, сыбызғы сынды ежелгі ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен көшпенділер әлемінің дәстүрлі сазды сарындары орындалды. Жақында осынау қазақ фольклоры шет елдерде таныстырылатын болады. Биыл Серік Нұрмолдаевтің «этнотерапиясының» қызығына АҚШ, Оңтүстік Корея және Біріккен Араб Әмірлігінің өнер сүйер қауымы бөленетін болады. Мақсат – ұлттық құндылықты кеңге насихаттау.

СЕРІК НҰРМОЛДАЕВ, «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» ОКЗ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл жерге келген адамдар музыкалық шығармаларды тыңдау арқылы жандарын тазартып, ләззат алады. Бойларын қуаттап, жақсы әсерге бөленеді. Этнотерапия адамдарға өздерінің түпкі-тамырларымен сабақтасып, бабалар мұрасына бір табан жақындай түсуге көмектеседі. Маған әлемнің 70 тарта елін аралауға мүмкіндік туды. Сонда байқағаным – қазақ музыкасы бәрінің қызығушылығын оятады. Тіпті көбі ұлттық фольклорымызды тікелей ғарышпен байланыстылығын айтады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: tengrinews.kz