Басқұр – киіз үйдің сәні

Киіз үйдің әр жабдығының атқаратын өз міндеті бар. Мысалы, ішкі бауларының бірі уық-керегелерді ығып кетуден сақтаса, енді бірі туырлықтың желден көтерілмей, керегеге тығыз жатуы үшін қажет. Киіз үй бауларының бәрі ою-өрнекпен көмкеріліп, жиһаздық сән беретіндей етіп тоқылады.

БҰЛБҰЛ КӘПҚЫЗЫ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

 - Бұл басқұрды жалпақ тоқу себебі киіз үйдің керегесі мен уығының қосындысы. Керегеге уық бекітіледі. Сол кезде ағашы болмашы сыртына қарай шодырайып шығып қалады. Сол шодырайып шығып қалған ағаш киізді қажап кетпеу үшін осы басқұрды тұтады. Сол кезде мынау керегені, уықты жартылай жауып тұру керек.

Таза мақта мен жүннен жұмыс жасағанды ұнататын қолөнер шебері, бау тоқуды білсең, алашаны да игеріп кету қиын емес дейді.

БҰЛБҰЛ КӘПҚЫЗЫ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

 - Сонымен 16 бау, екі желбау, бір басқұр болса, киіз үйдің әшекейі жетіп жатыр. Киіз үйге қойған бұл әшекейлердің ең бірінші міндеті – байлап тұру керек, тартып тұру керек. Одан кейінгі екінші міндеті сәндік рөл атқарады. Оны былай біркелкі кесінділерге бөліп, ұзын қылып тоқып алады, тоқып алғаннан кейін бірнеше кесінділерге бөліп, киізбен үйлестіріп, таза қолдан басылған ақ, қара киіз.

Шебер әрбір бұйымын аяқтамай, шашақтап қояды екен. Себебі, қазақ халқы ешбір дүниені түйіндемеген. Мұның сыры, өнерім жалғасын тауып, ұрпағым өсе берсін – деген ниеті. Қазіргі таңда Бұлбұл Кәпқызы ұлттық өнерімізді шет елге де танытып жүр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: syr-media.kz