Биыл елімізде Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты құрылады

Биыл мәдениет саласында Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институтын құрып, институт жанынан Материалдық емес мәдени мұра орталығын ашу жоспарланып отыр.  2020 жылы елімізде бірнеше нысан пайдалануға берілмек. Олардың қатарында «Ұлытау», «Гаухар ана» және «Сауран»  қорық музейлері бар.  Ал келер жылы «Ордабасы» және «Есік»  музейлері тарихи нысандар қатарын толықтырмақ.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығы аясында Сирияның Дамаск қаласында орналасқан «әл-Фараби» кесенесінің макеттік көшірмесі Түркістан облысындағы Отырар музей-қорығының аумағына орнатылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сала басшысы Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Өңірлерде халықтың барлық санаттарына мәдениет және өнер объектілеріне қолжетімділігі артып келеді. Ендігі кезекте халықтың осы нысандарға баруын қамтамасыз ету керек. Мәселен, біз мектеп оқушыларының өз өңірлерінің киелі жерлерімен таныстыру кестесі қарастырылуы керек. Жергілікті билікпен бірлесіп, инклюзивті театр, оқу орындарында инклюзивті факультет ашу мәселелерін де қолға алу қажет.

Министр спорт саласындағы жоспарларды да атады. Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданады.

Сондай-ақ Дүниежүзілік допингке қарсы кодексін бұзудың алдын алу жөніндегі жұмыс жалғасып, Токиодағы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командалардың табысты өнер көрсетуі бағытында жұмыстар күшейтілмек.

Фото: sputniknews.kz