«Астана Опера» театрында ерекше балет бағдарламасы ұсынылды

Ескірмейтін классика мен заманауи хореография. Елордалық «Астана Опера» театрында ерекше балет бағдарламасы ұсынылды. Онда дәстүрлі және жаңа мәнердегі би қойылымдары үндестік тапты. Гала концерт кешіне жергілікті көрерменнің көзайымына айналып үлгерген репертуарлық қордағы күрделі техникалық партиялар енген. Олардың қатарында «Пахита», «Сильфида», «Пламя Парижа», «Дон Кихот» сынды классикалық сахналық туындылар және жаңа нұсқадағы «Қорқыт» балеті бар.

Кешенді хореографиялық бағдарламаны театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова құрған. Кәсіби маманның көздегені – бір сахнада ескі мен жаңаны, жас әртістермен тәжірибелі өнер майталмандарын жию. Әсерлі би кешіне Ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері де тартылды. Бағдарламаны театрдың жетекші солистері тұйықтап, Гала-балет кешінің шымылдығын жапты. 

БАХТИЯР АДАМЖАН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:

-  Кезекті гала концертті «Дон Кихот» сынды әлемдік классикалық балеттің жауһарлы туындысымен жабу табылған шешім болды. Өйткені осы сахналық қойылым біздің шеберлігіміз бен жалпы кәсіби деңгейді барынша танытады. Біздің балет өнеріндегі жетістіктерімізді байқауға болады. Сондай-ақ көрермендер күрделі туындыға тартылған еліміздің болашақ жұлдыздары, жас артистерімен таныса алды. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: astanaopera.kz