Нұр-Сұлтанда «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің көрмесі ашылды. Онда мұражай қорындағы 60-тан астам ерекше жәдігер ұсынылып отыр. Экспонаттардың арасында ақынның тұрмыста қолданған жеке заттары, қолжазбалары, кітаптары мен шығармалары, фотосуреттері бар.

Сондай-ақ осы жерге Абайдың әлемін тануға қатысты ғылыми еңбектер де қойылған. Абайдың 175 жылдығына арналған мәдени танымдық шара Ұлы тұлғаның өнегелі өмірін барынша қамтиды.  

МЕЙРАМГҮЛ ҚАЙРАМБАЕВА, АБАЙДЫҢ «ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің қорымызда Абай оқыған медресенің 252 кітабы сақталған. Негізінен химия, биология және шешендік өнерге қатысты еңбектер. Көрме алдымен 22 қаңтар күні Павлодар қаласында өтті. Енді міне Елордада ашылып отыр. Бұдан соң еліміздің өзге аймақтарын аралайтын болады. Жалпы 20-дан астам көрме ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ ЮНЕСКО мен Түркі халықаралық ұйымдары аясында ауқымды шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. 

Айта кетейік, көрме қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Сондықтан мұнда орталық қорында сақтаулы  Абай мен Әл-Фараби сынды ұлы ойшылдардың жинақтарымен де танысуға болады.

ЗАДА ДҮКЕНБАЕВА, ҚОЛЖАЗБАЛАР ЖӘНЕ СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСШІСІ:

 - Абай мен әл-Фарабидің шығармалары философия, әдеп пен психология ілімдеріне қатысты терең ойларға тұнып тұр. Ғибратқа толы еңбектердің мән-маңызы заман талғамайды. XXI ғасыр ұрпағын тәрбиелеу ісінде де өте құнды мәліметтерге толы. Бізде Абайдың 60-қа тарта кітабы сақтаулы. Олар араб, қытай, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылып басылып шыққан. Сондай-ақ біздің қорда әлемнің бірнеше тіліне тәржімаланған әл-Фарабидің еңбектері де бар. 

Фото:arnapress.kz