Нұр-Сұлтанда «Атау» кинофестивалі өтіп жатыр

Елордада дәстүрлі «Атау» кинофестивалінің шымылдығы түрілді. Бұл жолы Қазақстанмен қатар, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің жас режиссерлері ұсынған фильмдер сарапқа салынды. Кино туындылар «Үздік актерлік ойын», «Үздік режиссерлік қойылым» және «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша сынға түсуде. Байқау мақсаты  - кино өндірісіне енді аяқ басқан мамандардың дарынын шыңдау.  

ӘЙГЕРІМ МӘЖІТХАН, ӨНЕРТАНУШЫ:

 - Біз өнертанушы Айгүл Ыбраева екеуміз былтыр платформа кеңістігінде осы фестивалді бастаған едік. Ол кезде біздің Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттері мен Т.Жүрген атындағы өнер академиясында оқитын студенттер өздерінің студенттік жұмыстарымен және дипломдық жұмыстарымен қатысқан. Биыл біз форматымызды кішкене өзгертіп, тағы да өзге халықтардан фильмдер енгізейік дедік. Сонымен бізге Қырғызстан мен Өзбекстан фильмдерін жіберді. Енді жылда осылай кеңейте беретін боламыз.

Данте Рустав пен Христина Белоусова «Люмеьерлер» атты деректі фильм ұсынып отыр. Өзбекстандық режиссерлер бірлесе жасаған қысқаметражды туындыларының бірнеше жүлде еншілейтініне сенімді.

ДАНТЕ РУСТАВ, ХРИСТИНА БЕЛОУСОВА РЕЖИССЕРЛЕР, ӨЗБЕКСТАН:

 - Бұл – біздің ең бірінші деректі фильміміз. Сондай-ақ туынды Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл еңбекпен бірнеше елді аралап өттік. Ал Қазақстанға тұңғыш келуіміз. Біз үшін бұл – өте маңызды байқау. Әрине көрерменнің оң бағасын күтеміз. Олар – біздің еңбегіміздің басты сыншысы. Әр режиссердің көксейтіні осы. Өзге елдердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, олардың жұмыстарымен танысуды мақсат тұтып келдік.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: sputniknews.ru