«Шырақшы» – әлем мойындаған отандық кинотуынды

Отандық  кино өндірісі саласының кезекті туындысы көрерменге жол тартты. Елордада киносүйер қауым назарына «Шырақшы» толықметражды фильмі ұсынылды. Оқиға желісі соғыстан оралған қазақстандық сарбаздың оқиғасын баяндайды. Әлемдік тұсаукесері Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында өткенін айта кету керек.  Бұл – қазақ киносы шежіресінде аталған іс-шараның негізгі байқауына қатысқан алғашқы отандық фильм.

МҰРАТЖАН МҰҚАЖАНОВ, БАСТЫ РӨЛДІ СОМДАҒАН АКТЕР:

 - Қытай халқының осы өнерге, адамға деген жақыншылығы бар екен. Мен соған риза болып қалдым. Мтуденттері, жастары, жалпы халқы жағынан олар өте көп қой. Солардың бәрі келіп бізбен фотоға түсті. Киносүйер қауымға өте қатты ұнады. Кейін кино және мен туралы шанхайлық журналға шығарды.

Қазақстандық тың туынды Анапа қаласында өткен «Киношок» фестивалінде де ерекшеленді. Басты рөлде ойнаған Мұратжан Мұқажанов «Кино өнерінде адал кейіпкерді көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды. Шығармашылық ұжым енді бір байқаудан құр алақан қайтпады. Ресейдің Сочи қаласында өткен фестивальде «Үздік әйел рөлі» аталымымен бірге бас жүлде еншіленді.

МҰРАТЖАН МҰҚАЖАНОВ, БАСТЫ РӨЛДІ СОМДАҒАН АКТЕР:

 - Біздің киномызға бірауыздан гран-при, былайша айтқанда толықметражды фильмдер арасында біз бас жүлде алып қайттық. Оған өте қатты қуандық. Себебі онда бүкіл ұжымның еңбегі бар. Бізді дұрыс бағалады. Олар риза болып, өздерінің ойлары мен жақсы тілектерін айтты.  

Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» көркем фильмі шындыққа негізделген. Қан майданда егде жастағы неміс азаматын құтқарған қазақстандық сарбазға ескі фильмдер тас­па­лан­ған кинопроектор сыйға тартылады. Сол сәттен бастап оның мұ­раты жаңа арнаға бұрылады.

Өмірінің соңына дейін сыйды көзінің қарашығындай сақтап, келешекке жеткізуді мақсат етті. Оқиға «зама­н көші озғанмен, өнер ғана мәңгілік» деген ойды қозғап, тартысты өрбиді.

Фото: brod.kz