Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық өнер

Қазақ – оюмен ой өрнектеген дана халық. Ол – тек тарих таңбасы ғана емес, ұлттық дүниетаным айнасы. Көшпенділер өмірінің әр тұсында дамып, өркен жайды. Өрнектердің өзінен қазақ халқының бірегейлігін тануға болады. Өйткені әрбір оюдың өзіндік мән-мағынасы бар. Киелі бабалар мұрасының сақшылары ескі мәнерді негізге алып, жаңа сипатта жаңғыртып жүр.

ЕРЛАН ҚОЖАБАЕВ, ТАРИХШЫ, СУРЕТШІ:

 - Өрнектер негізінен екі модульден құралады. Ол – ең алдымен пиктограммалық символға жататын шиыршықты бейнелер және эволюция. Сондай-ақ тең жақты болып келетін крест бейнесі. Ол әлемнің төрт жағын білдіреді. Сондай-ақ ол – тәңіршілдіктің белгісі. Қазақ өрнектеріндегі графика мыңдаған жылдар бойы бәз-баяғы қалпында сақталып келеді.

Ою жасау – бағзы заманнан келе жатқан көне көркем өнер. Қазақ өрнектерінің негізі тереңде жатыр. Сонау Тәңірге табыну кезеңімен тығыз байланыса  отырып,  Неолит және Қола дәуірінен бастау алады.

Тарихи жазба деректерге сүйенетін болсақ, 2,5 мың жылдық шежіресі бар. Бұған Жасыбай мен Ұлытау маңындағы тастарға басылған байырғы суреттер куә.

Тарихшы Ерлан Қожабаевтың айтуынша, оюдың маңызы мен мазмұнын екінің бірі біле бермейді. 

ЕРЛАН ҚОЖАБАЕВ, ТАРИХШЫ, СУРЕТШІ:

 - Көптеген дизайнерлер киім үлгілерін ұлттық нақышта жасаймыз деп қателікке бой алдырады. Ғұрыптық рәсімдерге жататын пиктаграммаларды адамның көзі тірісінде қолданады. Сондай-ақ белден жоғары көтерілмейтін немесе төмен түспейтін оюлар бар. Бас киімнің өрнектері өзінше бөлек болады. Осылар орнымен шатасып кетті.

Ерлан Қожабаев – төл мәдениетіміздің жарқын үлгілерін терең зерттеуге ден қойған отандық тарихшы. Оның 8 жылдық еңбектің нәтижесінде жарық көрген кітабы да өрнектердің маңызымен танысуға болады. Мақсат – оюмен көмкерілген ұлттық өнерді кеңге насихаттау.

Автор: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: caa-network.org