«Астана Опера» театрында «Мадам Баттерфляй» операсы қойылды

Ауқымды сценография, әсерлі декорация мен құлақтың құрышын қандырар вокал. Өнер сүйер қауым аты аңызға айналған Джакома Пуччинидің әлемдік опера жауһарына айналған туындының қызығына бөленді.

«Астана Опера» театрының қорындағы үздік қойылымдардың бірі «Мадам Баттерфляй» кезекті рет көрерменге жол тартты.

Еске салайық, бұл ғасырлық тарихы бар лирика мен драмаға толы әрі техникалық тұрғыдан аса күрделі сахналық қойылым. Тың туынды жапон мәдениетіне саяхаттап, Күншығыс елінің «тал бесіктен жер бесікке дейінгі» дәстүрлеріне терең үңілтеді.

Оқиғаның желісі бейқам көңілді америкалық сарбазға ғашық болған жас гейша хақында өрбиді. Мадам Баттерфляй деп аталып кеткен Чио-Чио-Сан сезімге беріліп салтынан безеді. Ақыр соңында ол сүйіктісінің опасыздығынан өз-өзіне қол жұмсап, оқиға қайғылы аяқталады.

Екі сағаттан астам сахнадан түспейтін басты кейіпкердің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сомдады. 

АЙГҮЛ НИЯЗОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Әсіресе қойылымның шарықтау кезінде көрерменнің өнерімізді жақсы қабылдаған ыстық ықыласын сезінесің. Көбі кейіпкердің ішкі жан дүниесінің күйзелісін өзіне жақын қабылдап, жылап жатады. Басты сыншы көрерменнің сезімі мен көз жасы біз үшін баға жетпес бақыт сыйлайды. Еңбегіміз зая кетпегенін түсінеміз. Бұл – әлемдік опера ешкімді де бейжай қалдырмайтын аса танымал қойылымдардың бірі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: astanaopera.kz