Грузин әншілері Абай әндерін қазақ тілінде шырқады

Музыканың әуезділігі, поэзияның сыршылдығы мен сұлулығында шекара болмайды. Ол тұла бойыңды тебірентіп, толғантып әкететіні хақ.

Әсіресе, грузиндердің бірнеше дауыста орындайтын қазақ тіліндегі әндері – соның айқын дәлелі.

Бұл ән Абай Құнанбайұлының сөзіне жазылған. Грузиндердің дәл осы туындыны таңдауы да сондықтан. Олар ұлы тұлғаның өмірлік ұстанымы Грузияның қоғам қайраткерімен үндес келеді дейді. 

ДАВИД ДВАЛАДЗЕ, «GEO FOLK TOUR» МУЗЫКАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚҰРУШЫ:

 - Абай Құнанбайұлы – XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ұлы тұлға, дара ақын әрі қоғам қайраткері. Оны сол дәуірде өмір сүрген ұлы грузин ақыны  Илья Чавчавадземен салыстыруға болады. Ол да XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Бұл Ресей империясы құрамына кірген халықтарда ұлттық сана-сезімінің өркендеу дәуірі болатын.  

Музыканттар қазақ тіліндегі әнді жай ғана айтып қоймай, оның ұлттық бояуын сақтай отырып, грузин халқына тән көп дауыста шырқады. 

ГЕОРГИЙ ЦЕРЦВАДЗЕ, «GEO FOLK TOUR» МУЗЫКАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ВОКАЛИСІ:

 - Топ бұл әнді өте жақсы орындап шықты деп санаймын. Әрине, қазақ тіліндегі сөздерді айту жағынан қиындықтар болғаны рас. Ал ән сөзінің авторына келер болсақ, оны данышпан дер едім. Себебі барлық шығармасы өте керемет әрі жанға жағымды.

«Geo Folk Tour» жобасының құрылғына биыл 9 жыл. Осы уақыт ішінде музыканттар бірнеше елден өз тыңдармандарын тапқан. Енді өнер майталмандары өз репертуарына қазақ әндерін қоспақ ниетте.

Фото: newtimes.kz