Ресейлік Е. Вахтангов атындағы театрдың Қазақстанға гастролі

Арқа төрінде Александр Пушкин мен Антон Чеховтың әйгілі шығармалары  сахналанады. Қоюшы режисері – Римас Туминас. Елордаға мәскеулік Евгений Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театры гастролдік сапармен келді. Бұл – көрші ел театрының 100 жылдық мерейтойына орайластырылған әлемдік турнесінің жалғасы.

Өнер ұжымының шығармашылық шеруі өткен күз маусымында Париж қаласынан бастау алған.

АЛЕКСЕЙ БОРОДАВКИН, РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Үстіміздегі жыл ерекше мәдени танымдық оқиғадан басталды. Нұр-Сұлтан қаласына Вахтангов театры келді. Кейін өнер ошағы Алматы қаласына жол тартады. Олар бұл сапарға репертуарлық қордағы үздік туындыларын қамдап әкелді. Елордалық көрермен кеше «Евгений Онегин» туындысын ыстық ықыласпен қабылдап, труппаны ду қол шапалақ астына алды.   

Айта кететін жайт, ресейлік театр жергілікті өнер сүйер қауымның назарына «Евгений Онегин» қойылымын ұсынды. Көрермен атақты спектаклді орнына таңып тамашалады.

Ендігі кезекте «Астана Опера» театрының сахнасында «Дядя Ваня» туындысы қойылмақ. Жаңаша сипатта ұсынылған спектакльдегі басты рөлдерді ресейдің танымал театр және кино әртістері сомдайды.  

КИРИЛЛ КРОК, Е. ВАХТАНГОВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл – барлық әлем көрермендерінің жүрегін жаулаған әйгілі спектакльдер. Бұл – біздің репертуарлық қорымыздағы жауһарлы деген туындылардың бірі. Осы қойылымдармен біз әлемді шарлап жүрміз. Біздің көзқарасымызда ұсынылған жаңа нұсқасын Париж, Нью-Йорк, Лондон, Канада, Чехия, Израиль мен Турция халқы тамашалады. Қазақстандық қауым да осы туындылардың қызығына қанығуы тиіс деп шештік.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: astanaopera.kz