«Астана Опера» театрында Алан Бөрібаевтың «Италиядан келген хаттар» атты концерті өтті

Елордадағы «Астана Опера» театрының төрінде дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың «Италиядан келген хаттар» атты опералық-симфониялық бірегей концерті өтті. Жоба авторы болып табылатын елордалық опера театрының бас дирижері, өз жобасын Нұр-Сұлтанда алғаш рет ұсынып отыр.

Опералық-симфониялық концертте осынау ғажап елде болған кездерінде жазған ұлы композиторлардың хаттары арқылы сазгерлердің өздері жайлы сыр шертіледі.

АЛАН БӨРІБАЕВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ БАС ДИРИЖЕРІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Верди, Чайковский, Моцарт сынды Ұлы композиторларды зерттей бастаған сәттен маған бір тың ой келді. Неліктен осы ұлы тұлғалар жалпылай алғанда өз шығармаларын өз дауыстарымен, өз үндерімен орындамасқа деген. Менің ойымша, бұл шын мәнінде бірегей жоба, эксперимент. Себебі мұндай жоба әлі күнге еш жерде болған жоқ. Аталмыш концертке мен өте тиянықты түрде дайындалдым. Көп хаттармен таныстым. Әрине, концерттік бағдарлама композиторлардың эпистолярлық мұрасына сүйеніп құрылды.

Концерт бағдарламасында опера солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова мен маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: tengrinews.kz