Қазақстанның 2019 жылғы мәдениет және өнер саласындағы басты оқиғалары

Түрлі концерттік бағдарламалар, гастрольдер, жаңа қойылымдар мен театрға экскурсиялар. 2019 жыл мәдени оқиғаларға толы болды.

Мысалы, елдің басты опера алаңы Джоаккино Россинидің «Жібек баспалдағы», Джакомо Пуччинидің «Богема», Чайковскийдің «Евгений Онегин», Джузеппе Вердидің «Дон Карлос», Адольф Адананың «Жизель» және Лео Делибтің «Коппелия» сияқты ұмытылмас спектакльдерін көрермендерге сыйлады. Театр солистері өз өнерлерін шетел жұртшылығына да паш етті. Биыл олар Италия, Испания, Литва, Ресей және Өзбекстанға гастрольдік сапармен барып қайтты, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Өткен 12 ай тағы да бір елордалық өнер ордасы – «Астана Балет» театры үшін де табысты болды. Биылғы жылы мұнда 4 жаңа қойылым мен 12-ге жуық хореографиялық номер сахналанды. Театрдың бай репертуары шетелдік балет өнерін сүйетін қауымның да жүрегін жаулады.

АЛЕКСАНДР СОВОСТЬЯНОВ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биылғы жыл «Иллюзиялардың жанасуы» қойылымының тұсаукесерімен жемісті басталды. Содан кейін жазда үлкен премьера болды. Бұл – атақты хореограф Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» атты шығармасы. Біз қойылымды Ташкенттегі Алишер Навои театрының сахнасында қойдық. Сонымен қатар «Астана Балет» Лондондағы «Covent Garden» театрының сахнасында да сәтті өнер көрсетті. Жыл соңында біз Америка қалалары бойынша өз сапарымызды аяқтадық. Калифорния штатындағы 4 қалада өнерімізді паш еттік.

Түркия, Малайзия, Грекия, Солтүстік Македония, Татарстан және Өзбекстан. Осы елдердің тұрғындарына биыл алғаш рет Қазақстанның Ұлттық музейінің басты экспонаттарының бірі – Алтын адам таныстырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба барысында Алтын адам әлемнің 12 мұражайын аралады.

2019 жыл танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген үшін ерекше болды. Осы жылы танымал әртістің жеке концерттері Нұр-Сұлтан қаласында, Мәскеудегі Кремль сарайында, Санкт-Петербургтың Мұз айдыны сарайында, сондай-ақ Нью-Йорктегі Барклайс орталығында толық аншлагпен өтті.

Биылғы жыл Ержан Максим үшін де сәтті болғанын атап өту керек. Ол Junior Eurovision 2019 халықаралық ән байқауында мәртебелі II орынды жеңіп алды.

Атап өту керек, өткен жыл орасан зор поэтикалық челленджімен есте қалды. Абайдың 175 жылдығына арналған әдеби эстафета әлеуметтік желілер арқылы дүниежүзіне тарады. Әлемнің түкпір-түкпірінен ғаламтор пайдаланушылары бейнероликтер дайындап, қазақтың ұлы ақынының өшпес шығармаларынан үзінді оқыды. Қатысушылар арасында Қазақстан Президенті, министрлер, дипломаттар, шетелдік әдебиеттанушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ оқушылар мен студенттер болды.

Айта кетейік, 2020 жылы елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, сондай-ақ ғұлама ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: tengrinews.kz