2020 жылы «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі жалғасады

«Алтын адамның»  әлем музейлеріне шеруі жалғасады. 2020 жылы еліміздің тарихи нышанын Сингапур, Германия, АҚШ, Италия, Литва тұрғындарына тамашалау мүмкіндігі жасалмақ.

Бұл туралы халықаралық жылжымалы көрме жобасын жүзеге асыру барысы талқыланған жиын барысында мәлім болды.

АБАЙ САТЫБАЛДИН, ҚР ҰМ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл жоба бірнеше мақсатты көздейді. Алдымен, ол әрине біздің бай мәдени мұрамызды насихаттау. Екіншіден, елдің мәдени имиджін қалыптастыру, үшіншіден, Қазақстанға шетелдік туристерді тарту. Сондай-ақ музей ісі бойынша тәжірибе алмасу.

Еске сала кетейік, кешенді жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдан жүзеге асырылып келеді. Тек соңғы жылдың өзінде ғана Есік қорғанынан табылған құнды жәдігер Түркия, Малайзия, Греция, Македония, Татарстан және Өзбекстан мемлекеттерін кезіп, қалың жұртшылыққа ұлттық тарихымыздан сыр шертіп үлгерді. 

ВАСИЛА ФАЙЗИЕВА,  ӨЗБЕКСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасына Өзбекстан да үлкен қызығушылық танытты. Бұндай шаралар екі елдің мәдени байланысын жандандыра түседі. Қос халықтың тарихы ортақ, салт-санасы сабақтас. Сондықтан арамызда мәдени қарым-қатынас тек дами түсетініне сенімдімін. 

ИЛЬНУР НИЗАМИЕВ, «ҚАЗАН КРЕМЛІ» ИСЛАМДЫҚ МӘДЕНИЕТ МҰРАЖАЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ /ТАТАРСТАН/:

-  «Soft power» деген мәдени термин бар. Ол – халық пен мемлекеттің күш-қуатын білдіретін маңызды саяси құрал. Шынымен де, мәдениет, әдебиет, философиялық ой толғаулар ұлттық құндылықтар мен халықтың құдіретін барынша танытады. Әлемді шарлап жүрген «Алтын адам» көрмесі  нағыз «soft power» десем артық айтпаспын. Бұл экспозиция – Қазақстанды жаһандық деңгейде танытатын мықты құрал.

Ғалымдардың пікірінше, көшпенді өркениеттен сыр шертетін жылжымалы көрме әлемді ұлттық құндылықтармызбен барынша таныстырады. Себебі онда «Алтын адаммен» қатар, Ұлы даланың шежірелі тарихынан сыр шертетін өзге де құнды жәдігерлер бар.

ӘЙГЕРІМ АКІМЖАНОВА, ТІЛШІ:

 - Үш жылдың ішінде қазақстандық Тутанхамонмен әлем бойынша 1 миллионнан астам адам танысып үлгерді. Осы уақыт ішінде Алтын адам 12 мемлекеттің мұражайын аралады. Көшпенділер өркениетінің құндылықтарынан сыр шертетін ерекше экспонат әлем халықтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Алдағы жылы Қазақстанның ұлттық тарихи нышаны тағы 5 мемлекетке аттанады деп жоспарланып отыр.

Фото: tengrinews.kz