Өнер саңлақтары «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығымен марапатталды

Сахна саңлақтары сараланды. Нұр-Сұлтан қаласында өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығымен марапатталды.

Саланың 18 хас шебері арнайы кубокты қанжығасына байласа, 4 үздік өнерпаз ел мәдениетіне қосқан үлесі үшін ерекше құрметке бөленді. Дәстүрлі байқауда ұлттық театр өнерінің іргесін қалауда еңбегі сіңген киелі сахна абыздары да назарсыз қалмады.

Ал «Үміт» аталымының жүлдесі өнер жолын сәтті бастаған 30 жас сахна сайыпқыранына бұйырды. Төл мейрамы Халықаралық театр күні қарсаңында еңбегі еленген үздіктер еліміздің 50-ге тарта өнер ұжымының арасынан іріктелді.

Еске салайық, игі шара мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылып отыр.   

АСХАТ МАЙЕМІРОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗАҚСТАН ТЕАТРЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұл – ең алдымен үстіміздегі жылдың қорытындысы, шығармашылық жетістіктер сараланатын сәт. Аталмыш жүлде бірінші кезекте, жас сахна саңлақтарының кәсіби әртістердің қатарынан көрінуі үшін шығармашылығын шыңдап, шабыт бере түседі.  Болашақта олар да осы жүлдені алатынына кәміл сенемін.

ГҮЛСИНА МЕРҒАЛИЕВА, «ҮЗДІК РЕЖИССЁР» АТАЛЫМЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Менің қарапайым ғана шығармашылық жолым мен еңбегім еленгеніне өте қуаныштымын. Мен өнер әлемін жүлде алу үшін таңдағаным жоқ. Ең алдымен халық игілігі үшін, көрерменді рухани тұрғыда азықтандыру үшін еңбек етеміз. Сондықтан жұмысыма ішкі жан дүниемді салып, адал жасауға тырысамын. Дей тұра еңбегімнің жемісін татып, қазылар алқасы ерекшелегені қуантады.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов