ҚР Ұлттық мұражайына – 5 жыл

Орталық Азия аймағындағы ең жас әрі ең ірі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне – 5 жыл.

Елордада мерейтойлы датаға орай желтоқсанның 18 мен 19-ы күндері халықаралық ғылыми конференция өтеді. 100-ден астам делегат бас қосатын жиында бас мұражайдың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуеті талқыланады.

Шежірелі тарихпен құнды төл мәдени мұрамызды кеңге танытуда «Алтын адамның» маңызы айрықша. Отырыста Есік қорғанынан табылған құнды жәдігердің әлем елдерін шеруі сараланады.

Бүгінде 11 мемлекетті аралап үлгерген экспозиция алдағы жылы тағы 5 елде көрсетілмек.

Сондай-ақ мерейтойлы іс-шара аясында соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері таныстырылады. Көпшілік назарына алғаш ұсынылатын тарихи олжалардың дені Шығыс Қазақстан өңірінде ерте темір дәуіріне жататын «Елеке сазы» қорымында табылған.

АЙБАР ҚАСЕНӘЛІ, ҚР ҰМ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ескерткіштерді зерттеу барысында алтын бұйымдардан жасалған құнды жәдігерлер және адам қолы тимеген адамның ғұрыптық жерлеу орны табылды. Жәдігерлер арнайы ғылыми зерттеуден өткізілді. Зертханалық сараптамалар жүргізілді. Енді осы жұмыстардың барлығы жасалып болғаннан кейін оның ғылыми реконструкциясы қайта қалпына келтіріліп жасалған болатын. Оның киімі қандай болған, түрі қандай болған, бойы қандай болған секілді. Осы барлық заттар біздің Ұлттық музейдің көрмесіне қойылады.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: el.kz