Димаштың Нью-Йоркте өткен концертіне 19 мың адам жиналды

Димаш Құдайберген Нью-Йоркте алғаш рет жеке концертін өткізді. Музыкалық шара атақты Барклэйс Центр алаңында өтті. Кезінде мұнда Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни секілді жұлдыздар өз өнерін көрсеткен болатын. Концерт АҚШ-тағы Қазақстан күндері аясында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылды.

Салтанатты шара барысында Димаш ескі әндерді де, ән кешіне арнайы дайындаған жаңа шығармаларды да көпшілік назарына ұсынды. Әндер қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде орындалды.

Сүйікті әншісімен кездесуін асыға күткен көрермендер Димашты өте жылы қабылдады. Зал көрерменге лық толып, концерт үлкен аншлагпен өтті.

ҚАНАТ АЙТБАЕВ ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ ӘКЕСІ:

- Шетелден келген азаматтар, көптеген көрермендер бізбен қосылып қазақтың әнін шырқайтын болса екен, сол күнге жетсек деп. Сол күнге енді біздің Димашымыз жетіп, бақыттан кәдімгідей төбеміз көкке бір ғана ел жетпей тұрған секілді.

СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ АНАСЫ:

- Димаш бала кезден айтатын, мен әлемге қазақтың әнін танытып, әлем жұртшылығы алдында өнерімді көрсеткім келеді деп. Енді сондай араманының бір белесіне шығып жатыр. Елдің абыройы, бүтін қазақ елінің мерейі деп ойлаймын. Және Димаштың тыңдармандарына, тілеуін тілеген барлық ағайындарына, әлемнің әр түкпірінен келген әрбір жанкүйеріне шын көңілден рахмет айтқым келеді.

Фотo: ru.sputniknews.kz