Алматыда VIII «Бастау» кинофестивалі басталды

 

Алматыда студенттік және дебюттік фильмдердің «Бастау» VІІІ халықаралық кинофестивалі басталды. Биыл ол жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет байқауда толық метражды фильмдер сарапқа салынады. Қазылар алқасының назарына бас-аяғы 10 туынды ұсынылмақ.

СЕРГЕЙ АЗИМОВ, «БАСТАУ» ХКФ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Фестивальге 28 мемлекет қатысуда. Біз фестивальдің қызықты өтіп, жас киногерлердің бір-бірімен танысуы үшін жағдай жасауды ойладық. Шеберлік дәрістерінің бағдарламасы өте мазмұнды.

Фестивальдің арт-директоры Диана Ашимованың айтуынша, бағдарламада бірнеше халықаралық байқаулар қарастырылған. Мысалы, Bastau shorts қысқаметражды жұмыстарға арналса, Bastau debuts-те толық метрлік туындылар таныстырылады.

Фестивальге Еуропа, алыс және жақын шет мемлекеттерінен жұмыстар ұсынылды. Биыл алғаш рет непалдық кинематографистер қатысады.

ИГОРЬ СУКМАНОВ, «БАСТАУ» ХКФ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазылар алқасының алдында тұрған міндеттердің бірі – кинематография саласын таңдаған жас мамандарды қолдап, жебеп жіберу, өз-өзін танытуға мүмкіндік жасау.

Толық метражды дебюттердің жұмыстарын бағалайтын қазылар алқасының құрамына беделді сарапшылар енген. Атап айтқанда, ресейлік режиссёр Михаил Сегал, испаниялық киносыншы Роберто Куэто, француз продюсері Денис Васлин, ресейлік актриса Нелли Уварова және қазақстандық актер, продюсер Фархат Абдраимов.

Көрермендер бес күн ішінде түрлі жанрдағы 80 картинаны тамашалай алады.

Фото: tengrinews.kz