Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 90 жаста

 

Қазақтың әйгілі әншісі, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова – 90 жаста! Саф өнерімен талайды таңдай қақтырған мэтрдің туған күніне орай шығармашылық кеш елордада өтті.

КСРО және Қазақстанның Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Ахметқызы әлемнің ең беделді сахналарында өнер көрсеткен. Нью-Йорк, Лондон, Париж, Рим, Токио тыңдармандары оның бірегей үніне тәнті болған. Ал мэтрдің орындауындағы «Гәкку» әні әрбір адамның жүрегін жаулағаны анық.

«Астана Опера» сахнасында әйгілі әншінің шәкірттерімен қатар Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті.

ОРЕСТЕ КОЗИМО, БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВАНЫҢ Х ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОКАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ, ИТАЛИЯ:

- Мен Бибігүл Төлегенованың керемет сопрано дауысының иегері екендігін білемін. Оны әлем таниды. Италияда бұл халықаралық байқауды барлығы біледі. Сондықтан бұл байқауда жеңіске жету кез келген әртіс үшін жетістік. Әрине мен үшін үлкен қуаныш. Мен бұған дейін байқауға орай Алматы қаласында болған едім. Елордаға мен алғаш рет келіп отырмын. Италиялық үшін тым суық екен. Десек те, мен өте бақыттымын.

Кеш бағдарламасында қазақстандық және шетелдік композиторлар операларынан ариялар, халық әндері, романстар және оркестрлік шығармалар орындалды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: almaty.tv