Нұр-Сұлтан қаласында Нина Терещенконың жеке көрмесі ашылды

Бағзы заманнан бері үндестік тауып келетін славян және түркі аңыздарының сабақтастығы. Арқа төрінде Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Нина Терещенконың жеке көрмесі ашылды.

Ондағы орын тепкен еңбектерде Батыс пен Шығыс әлемінің құндылықтары көрініс тапқан. Қылқалам шебері хас батырлар,бүркіт баптаған құсбегілер, сақ ханшайымы Томирис сынды тарихи тұлғалармен, библиялық бейнелерді қағаз бетіне түсірген.

Жалпы экспозиция 56 туындыдан құралған. Бұл көркем өнер майталманының соңғы үш жылдық еңбегінің нәтижесі.

Нина Терещенко көбіне кескіндеме мәнерінде  жұмыс жасайды. Негізінен майлы бояулар мен ашық түстерге басымдық береді.

НИНА ТЕРЕЩЕНКО, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Неліктен ертегілер, десеңіз? Өйткені адам жаны әдемілік пен жарқын бейнелерге құштар. Ертегілер осыған толы. Балалық кез ең қызықты шақ. Сондықтан, аңыз-ертегілер, тарихтың елеулі сәттерін бейнелеумен әуестеніп кеттім. Көрген, оқыған кез-келген туындыдан жаныңа жақын дүниелерді табасың. Мен сол ішкі жан дүниемнің әсерін бояулар арқылы көпшілікке жеткіземін. Жасаған еңбектерім ұнап, ойыма ортақтасатын жандар табылып жатса, суретші үшін одан асқан бақыт жоқ.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: ru.sputniknews.kz