«Астана Опера» сахнасында «Коппелия» балеті қойылады

Ролан Петидің махаббат пен алданыш оқиғасын баяндайтын «Коппелия» балеті «Астана Опера» сахнасында. Премьераға дайындықтың соңғы кезеңі. Балет үшін сирек жанр комедияға бишілердің әр қимылы бейімделген. Олардың жеңіл әрі ырғақты орындалатын биі оқиға желісіне елтеді. Ал заманауи технологиялық шешімдер балет мазмұнын толықтыра түскендей.

АЛТЫНАЙ АСЫЛМҰРАТОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Шынымды айтсам, дайындыққа аз уақыт кетті. 3-ақ апта. Бұл үлкен қойылым үшін аз саналады. Қойылым несімен ерекшеленеді? Бұл жерде көптеген техникалық тұрғыдан сиқырлы тұстары бар. Шамдардан түтін шығуы керек, қуыршақ қимылдауы тиіс деген секілді. Бұл жерде барлығы дұрыс шығуы үшін осындай маңызды жайттар бар.

Алайда «Астана Опера» театрының балет труппасының орындауындағы «Коппелияның» басты ерекшелігі бар. Коппелиустің ролін танымал италиялық балетмейстер Луиджи Бониноның өзі сомдайды. Ол труппамен жұмыс жасау үшін елордаға 1 ай бұрын арнайы келген.

Сонымен қатар қойылымда Францтің ролін Бахтияр Адамжан сомдаса, Әйгерім Бекетаева Сванильданың бейнесінде өнер көрсетеді.

ӘЙГЕРІМ БЕКЕТАЕВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

 - Мен үшін бұл қойылымда ең үлкен бақыт ол – Луиджи Бониномен бір сахнада өнер көрсететіндігім. Ол кісіден жағымды энергетика сезінемін. Сондай ұлы тұлғамен бір сахнада ойналмай, бірден жұмыс істеп кетесің. Меніңше өте әдемі қойылым шықты. Сахнадағы өнерім арқылы кейіпкерімнің мінез-құлқын өз көзқарасыммен көрсетуге ниеттімін. Алдымен Францқа деген махаббатымды және Копелиуспен ойынды жеткізгім келеді. Міне, мен үшін қиын тұсы осы ғана.

Қуаныш пен қайғысы қатар жүретін, сиқырлы, шытырман оқиғаға толы қойылым ересектерге де, балаларға да ұмытылмас әсер сыйлары сөзсіз. Премьера алдағы демалыс күндеріне жоспарланған.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: Астана Опера