Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының артистері Бішкекте өнер көрсетті

Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының актерлері Қырғызстанға гастрольдік сапар жасады. Бішкек сахнасында артистер алғаш рет «Фариза және Мұқағали» қойылымын көрсетті.

Бұл спектакльде белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық ізденістері мен уайымдары туралы баяндалады. Қойылымға актерлердің монологтары, сонымен қатар музыка және хореографиялық элементтер енді.

САНСЫЗБАЙ БЕКБОЛАТОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:

-  Театр бір-бірін көріп өспесе, бір-бірімен араласпаса, бір-бірі туралы білмесе, онда өспейді. Біздің қырғыз театрлары мен қазақ театрлары көрші болғандықтан, қырғыз-қазақ бір туған дейді ғой, сондықтан да біз үшін өте қымбат. Біз Оштағы фестивальды, осы Бишкекте өтіп жатқан фестивальдардың біразына қатысып көргенбіз. Сол театрлардың ішінде Учур, содан кейін осы театрды көрдім.  

Театр өкілдерінің айтуынша, ең бастысы Мұқағали Мақатаев бейнесін мықты шығармашыл тұлға ретінде ашу мақсаты қойылған. Ақынның өз шығармаларына қандай талаппен қарағандығын, өз өлең жолдарында жалғандық пен қарапайымдылыққа жол бермегендігін көрсеткісі келген. Себебі Мақатаев поэзияны бәрінен биік қойған.

АЛМА БЕКБОЛАТОВА, ӘДЕБИ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Жақында ғана академиялық театр мәртебесін алдық. Бұл біз – үшін үлкен қуаныш, мақтаныш.  Бішкекке асыға келдік. Өнерімізді таныту үшін бірнеше жаңа қойылым дайындап әкелдік. Оларды өткен жылы дайындаған болатынбыз. Қазақстанда көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Сондай-ақ бұл қойылымдар халықаралық байқауларда жүлделерге ие болды. Көрермендер ықыласпен тамашалайды.

Қарағанды облыстық драма театры ұсынған тағы бір қойылым «Ешкім кінәлі емес» деп аталады. Бұл драманың негізіне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста туындайтын қиындықтар алынған. Пьесаның мақсаты –үлкендерді сыйлауға және құрметтеуге шақыру.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: mangystaumedia.kz