«New Music Generation-2019» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің үздік жас сазгерлері анықталды. «New Music Generation» I Халықаралық байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. 41 қатысушы өнер додасының лауреаты атанды.

Еске салайық, онлайн режимінде өткен сынға 35 жасқа дейінгі жас композиторлар түсті. Барлығы байқауға әлемнің 24 елінен 115 композитордың 200-ден астам партитурасы жіберілген.

Олар симфониялық, камералық және вокалды шығармалар деп үш лекке жіктеліп, халықаралық дәрежедегі өнер майталмандарымен бағаланды. Мақсаты – классикалық және заманауи академиялық музыканы насихаттап, жас сазгерлердің дарынын қолдау.

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒИН, БАЙҚАУДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған аса ауқымды музыкалық шара Қазақстандағы Жастар жылын лайықты деңгейде қорытындылады.  АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Азия құрлығының Қытай, Жапония, Малайзия, Иран, Еуропа мен ТМД-ның барлық елдері осы байқауға белсенді атсалысты. Тіпті, ұзақ уақыт бойы ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі еуроралық саз байқауларында қатысушылар географиясы дәл осылай кең ауқымда болмайды. Мұнда ұсынылған партитуралардың кәсіби сапасы мен деңгейі әлемнің үздік сахна төрлерінде орындауға лайықты.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: media.inform.kz