Қазақстанда «New Music Generation – 2019» жас композиторлар байқауы өтіп жатыр

Елорданың шығармашылық өміріндегі елеулі оқиға. Әлемнің 24 елінен 115 композитор халықаралық байқауда бақтарын сынауда. Олар «New Music Generation» халықаралық байқауында шеберлік байқасады.

Шығармашылық байқау Қазақстандағы Жастар жылы шеңберінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – классикалық және заманауи академиялық музыканы насихаттау, музыкалық шығармалардың жас дарынды авторларына қолдау көрсету.

Байқауға жасы 35-ке дейінгі композиторлар онлайн-режимде қатысуда. Олардан 200-ден аса партитура келіп түскен. Дарындардың композиторлық шеберліктерін бағалауға қазақстандық және шетелдік беделді музыканттар тартылды.

Сондай-ақ байқау шеңберінде шеберлік дәрістері жоспарланған.

РАХАТ-БИ АБДЫСАҒИН, БАЙҚАУДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Композиторлар байқауы – біздің елімізде ғана емес, халықаралық мәдениет пен өнер әлеміндегі елеулі оқиға. Партитуралармен танысқаннан кейін, байқауға жіберілген жұмыстардың деңгейіне қарап, біздің байқаудың дәл қазір әлемдегі ең беделді екенін түсінуге болады.

МАРТАН ЛОРИДАН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ/ФРАНЦИЯ/:

-  Бұл оқиға Қазақ ұлттық өнер университетін және Қазақстан елордасын халықаралық байқаулар картасына енгізуге жол ашты. Өйткені бұл – жоғары деңгейдегі алғашқы ірі оқиға. Қатысушылардың жас деңгейі әр түрлі. «Симфониялық шығарма», «Камералық шығарма», «Вокалдық шығарма» сынды номинациялар бар. Байқауды өзгелерден ерекшелейтін тұсы – осы.

Авторы: Азер Сегізбаева 

Фото: gloss.ua