Қазақтар туралы сирек кітап Алматы музейінің қорына табысталды

Қазақтың салт-дәстүрлері, көшпенді халықтың тағдыры ағылшын жазушысы әрі журналисінің көзімен.

Годфри Лайастың «Kazak Exodus» атты еңбегінің бірегей нұсқасы Алматы қаласындағы Сирек кітаптар мұражайына тарту етілді. Өткен ғасырдың 56-шы жылы басып шығарылған басылымда 20 мың қазақ отбасының Қытайдың Шыңжаң провинциясынан көшу оқиғасы баяндалады. Олардың біразы кейін Шығыс Кашмирге, тағы бір бөлігі Түркияға ауып барған. 

ДІНМҰХАМЕД АБДРАХАНОВ, МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұл – қазақ халқының тарихы үшін өте бағалы кітап. Біріншіден, ол аталған көшке қатысқандардың сөздерінен жазып алынған. Годфри Лайас Түркияға барып, бәрін өзі жазып алған. Бұл – Қытайдан Түркия аумағына жер ауған қазақстардың оқиғасы. Онда Оспан батырдың өмірі туралы мәлімет бар. Ол осы көшті басқарып, халықты соңынан ертіп, Түркияға дейін аман-есен жеткізген.

Ағылшын авторының еңбегін тауып, қазақ және орыс тілдеріне аударып, кітап етіп басып шығарған – саясаттанушы Бақытжан Бұқарбаев. Қазақстандық оқырманға жаңа басылым биыл таныстырылды. Ол 4 мың дана таралыммен жарық көрді.

ДІНМҰХАМЕД АБДРАХАНОВ, МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Кітап 20019 жылдың басында аударылған. Бақытжан Бұқарбаевтың айтуынша, «Kazak Exodus» кітабын интернеттен тауып, оның мазмұнының құндылығын түсінгенде, аударуға кіріскен. Қазақ тіліндегі нұсқасы «Аспантау асқан үркін көш», орыс тілінде «Великий исход казахов» деп аталады.

Алматы қаласындағы сирек кітаптар мүзейінің қорында бүгінде мыңға тарта бағалы экспонат сақтаулы. Оның арасында тарихи-мәдени құндылығы аса жоғары ортаазиялық авторлардың фолианттары, көне жазбалар, түркі ғалымдарының бірегей қолжазбалары бар. 

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: vlast.kz