Елордада Сырым Мүсірептің жеке көрмесі ашылды

Дарынды өнерпаз Сырым Мүсірептің елорда төрінде жеке екінші көрмесі қалың жұртшылыққа есігін айқара ашты. Аталмыш шара Жастар жылына орайластырылып отыр.

Өнер иесі өскелең ұрпаққа айтарын өз туындылары арқылы жеткізген. «Жаңа көзқарас» деп аталатын көрме 1 айға жуық жалғасады. 30-дан астам туындының ішінде тек картиналар ғана емес, «Табандылық», «Сенім» деп аталатын мүсіндер де бар. Мұның барлығын суретші жастарға бүгінде керек қасиет деп санайды.

СЫРЫМ МҮСІРЕП, СУРЕТШІ, МҮСІНШІ:

– Бұл көрменің негізгі мақсаты – өнер шындықтан туындайды. Ал шындық – бұл ақиқат. Яғни, адам жанының тазалығының арқасында өнер пайда болады. Өнер тазалықты қалайды. Осындай тақырыппен ұйымдастырылып отырған жоба. Жастарға едәуір серпіліс беретіндей және өнердің бір шекпенін жаңа көзқарасқа, жаңа бағытқа қарай итермелеп көрсететіндей туындылар.

Жас мүсіншінің айтуынша, сапалы туындылар адам баласы рухани бай болған сәтте ғана пайда болады. Сондықтан ол өз туындыларына әрдайым ыждаһаттылықпен қарайды.

Сонымен қатар суретші өз өнерін бағалаушылар әрбір жұмысынан автордың ойын ұғынса екен дейді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: 24.kz