Алтын Адам Афинада

Алтын Адам Афинада

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Грекия мемлекетінің астанасы Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.  

Көрменің ашылуы қарсаңында Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен Баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Қазақстанның Грекия Республикасындағы елшісі Алексей Волков, Ежелгі және мәдени мұраның Бас директоры Поликсени Адам-Велени, Афинадағы Эпиграфиялық музейдің директоры Атанассиос Темос, ҚР Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Шайкенұлы Нұразхан, т.ғ.д. және профессор Зайнолла Самашұлы Самашев қатысты.

Сонымен қатар шара барысында белгілі археолог, т.ғ.д., профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі Зайнолла Самашев «Ежелгі сақтардың Қазақстандағы мәдени кешені» атты дәріс оқыды.

АЛМАЗ НҰРАЗХАН, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмелік жобасы әлемді аралап келеді. Грекия – Қазақстанның тарихи-танымдық көрмесін тамашалап отырған 12-ші мемлекет. Елімізді әлемге таныту мақсатында осы көрме жобасы бойынша бағдарлама ұсынған Елбасы Н. Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Бүгінге дейін Қазақстанның өңірінен табылған алтын адамдар біздің еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтар болып табылады. Көрме жұмыстарына қолдау білдіргені  үшін Грекияның Мәдениет министрлігіне, Афина қаласының Эпиграфиялық музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.

Ұлттық музейдің халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті.

Афина эпиграфиялық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Сондай-ақ көрмеде Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдары, Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы  144 зат ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі 2019 жылғы 11 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жалғасады.