Қазақстандық студенттердің джаз әуені Лондонда шырқалды

Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледж студенттері Лондонда өнер көрсетті. Бұл – қазақстандық джаз-бэндтің Ұлыбританияға алғашқы сапары. Лондонға барар алдында студенттер қатаң іріктеуден өткен. Репертуарға да ұйымдастырушылар асқан жауапкершілікпен қарап, бірнеше ай дайындалған. Шетелдік шығармалардан бөлек жас музыканттар джазға бейімделген қазақтың «Илигай» және «Сүгірдің термесі» сияқты әндерін  нақышына келтіріп орындады.

РАУШАН ДАВЛЕТБАЕВА, ДЖАЗ-БЭНД ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз джазды әр қырынан көрсетуге тырыстық. Мұның ішінде классикалық джаз да, этно джаз да бар. Қазақтың ұлттық әндерін де өңдеп, джаз тілімен жеткіздік.

Концертті тамашалауға жиналған жергілікті жұртшылық жастардың өнерін зор ынтамен тыңдап, жылы қабылдады.

САУАЛНАМА:

 - Мен Глазго университетінде Шотландияда оқимын. Мұнда турист ретінде қыдырып келдім. Менің қазақ досым концертті тамашалауға алып келді. Бұл шара маған ерекше ұнады. Мен қазақ мәдениеті туралы көп нәрсе үйрендім. Газет немесе басқа да медиалар мұндай ақпарат бере алмас еді.

 - Музыка энергия мен энтузиязмға толы. Маған жаңаша заманауи тәсілмен жеткізілген дәстүрлі әндер ұнады. Сонымен қатар қазіргі заманға сай етіп тігілген ұлттық киімдерді де көру бір ғанибет болды.

Қазақстандық жастар джаз-бэндінің Лондондағы концерті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жобаға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау білдірді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Фото: dknews.kz