«Astana Musical» театры «Шаңырақ» спектаклінің премьерасын ұсынды

Сәбидің шыр етіп дүниеге келуі, оның алғашқы қадамдары, құдалық, той. «Astana Musical» театры қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының сұлулығы мен өзіндік ерекшелігін жұртшылыққа ұсынды. Елордада көптен күткен «Шаңырақ» музыкалық қойылымының тұсаукесері өтті.

Айта кетерлігі, киіз үйде орналасқан бірегей қойылымға театр әртістері жарты жыл бойы дайындалған.  

ӘНЕЛ МЫРЗАҒҰЛОВА, «ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ:

 - Мюзиклге дайындық кезінде барлық әртістердің сахналық киімдерін дайындайтын мамандармен, хореографтармен, режиссермен келісілген жұмыс болды. Олардың әртістердің бейнелерін барынша айқындап беруге тырысты. Менің сахнада орындағам ролім қыс мезгілі болды.

Ұлттық аспаптардың үйлесімділігі, қазіргі заманғы хореографиямен бірге халық әндерінің үндесуі көрермендерді ежелгі көшпенді өркениеттің бейнелері мен нышандары әлеміне батырып, мистикалық атмосфера жасады.

БОЛАТБЕК НҰРҚАСЫМОВ, КОМПОЗИТОР:

 - Бұл – музыкалық жанр, музыкалық пьеса болғандықтан, әуен қойылымның басынан аяғына дейін үздіксіз ойнап тұруы тиіс. Сондықтан бұл – өте қызықты және есте қаларлықтай. Орталық Азия елдері арасында «Astana Musical» театры  өте жас жоба, бірақ осы жобаға көп күш жұмсалып отыр, менің ойымша, ол шетелде өзін лайықты көрсетеді.

Жақын арада «Astana Musical» театры көшпенді халықтың тарихы мен салт-дәстүрінің әсемдігін көрсететін эксперименталды перформанстарын ұсыну үшін шетелдік гастрольдерге баруды жоспарлап отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: vechastana.kz