Лондонда қазақстандық фильмдер апталығы мәресіне жетті

Лондонда қазақстандық фильмдер апталығы мәресіне жетті. Мәдени шараның соңғы күнінде «Айка» фильмі көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Канн фестивалінде елеулі сияпатқа ие болған туындыны көруге адам көп жиналды. Араларында қарапайым көрермендермен қатар, киносыншылар да бар. Фильм британиялықтарға түсінікті болу үшін субтитрлар ағылшын тілінде берілді.

КАША ТРОЯНОВСКА, КӨРЕРМЕН:

 - Бұл өте керемет кино болды. Бұл – менің фестивальде көрген үшінші фильмім. “Айка” мені түрлі әсерлерге бөледі.

Фильмде заңсыз миграция тақырыбы тереңінен қозғалғандықтан, британиялық көрерменнің оған деген қызығушылығы арта түскендей. Өйткені Тұманды Альбионға жақсы өмір іздеп, Ла-манш бұғазын заңсыз кесіп өтушілер көп.

СЕРГЕЙ ДВОРЦЕВОЙ, РЕЖИССЕР:

 - Бұл картинаның барлық жерде сұранысқа ие болуының себебі бүгінде мигранттар проблемасы өзекті. Бүкіл әлем мигранттарға толып кетті. Бәрі жан-жаққа көшіп жатыр. Өз елінде жетістікке жете алмаған адам шетел асып кете алады.

САМАЛ ЕСЛЯМОВА, АКТРИСА:

 - Біздің киноның танымалдылығын бүкіл әлем бойынша арттыру өте маңызды. Соның ішінде ағылшын көрермені де біздің жауһарларымызды тамашалап жатқандығы қуантады.

«Айкадан» бөлек, британдық көрермен «Оралман», «Анаға апарар жол», «Аманат» және «Шал» драмаларын тамашалады. Қазақстандық фильмдер апталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оның өтуіне республиканың Ұлыбританиядағы Елшілігі мен мемлекетіміздің Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Фото: inform.kz