«Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітап жарық көрді

Түркі әлемінен шыққан тұңыш контртенор. Жер-жаһанды мойындатқан альт дауыс.

Нұр-Сұлтан қаласында даңқы елден асып, шартарапқа жайылған ерек үнді Ерік Құрманғалиевтің 60 жылдық мерейтойына орай «Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбом дискісінің тұсауы кесілді.

Әлемдік музыка тарихында есімі алтын әріппен қашалған күміс көмейдің шығармашылығын зерттеуге соңғы 10 жылын арнаған қазақстандық қаламгер – Маржан Ершудің кітабы 2014 жылы жарық көріп, биыл тың деректермен толықтырылып қайта басылған.

Жинақта саналы ғұмырын жырақта өткізген қазақ опера әншісінің өмірінен сыр шертіледі. Біртуар дарын иесінің жұмбақ қырлары, болмысы жан-жақты ашылады. Атырау топырағынан түлеп ұшып, дүниежүзін кезген әйгілі жерлесіміздің соңғы әрі мәңгілік мекені Мәскеу қаласы болды.  

МАРЖАН ЕРШУ, АҚЫН, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Ол қалай әнші болып қалыптасты? Оның өсу жолдары және өмірден өткеннен кейін әншіге деген құрметіміз қандай? Міне, осындай мәселелер осы кітапта баяндалады. Ерік туралы көптеген деректерді жинақтадым. Әр жылдары жазылған орталық басылымдарда Мәскеудің, Ленинградтың, Казань сынды газеттерінде Ерік туралы жарияланған мақалалар, Ерік берген сұхбаттарды жинақтап, осы кітаптің ішіне лайықтап кіргіздім.  

ОҢАЙША МАНДУКИ, БУДАПЕШТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ /ВЕНГРИЯ/:

 - Ерік бізге келіп, Будапешт қаласында ескіден келе жатқан шіркеудің ішінде керемет ән орындаған еді. Сол кезде бірінші рет көрген едім. Өзімнің жерлесім негізі. Сол кезде-ақ сондай кішіпейіл, қарапайым бөлек туған жігіт екенін байқағанмын. Бүкіл Еуропаның халқын әнімен өзінің ерекше даусымен таңғалдырған еді.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: Астана Ақшамы