Ұлы Дала көшпенділерінің көрмесі Грекия астанасы Афинада өтеді

Ұлы Дала көшпенділерінің көрмесі Грекия астанасы Афинада өтеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Грекия мемлекетінің Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін өткізеді.  

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады. Алтын адамның реконструкциясын және осы ақсүйек сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазуымен жазылған күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады.

Сондай-ақ көрмеде Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 144 зат ұсынылады.

Айта кетейік, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі Афинада 11 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ескерте кетейік, Ұлттық музейдің халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі көрмелер Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Малайзия және Түркия музейлерінде үлкен жетістікпен өтті.