Құрманғазы оркестріне – 85 жыл

Құрманғазы оркестрінің құрылғанына 85 жыл толды. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты шара өтті. Әуезді кеште қазақ өнерінің інжу-маржаны саналатын шығармашылық ұжым қорындағы таңдамалы Ұлы дала әуендерін ұлттық аспаптар арқылы көрермендерге ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарының құлақ құрышын қандырды.

Сондай-ақ елімізге еңбегі сіңген сахна саңлақтары әннен шашу шашты. 1934 жылы 11 адамнан құрылған ансамбль бүгінде 85 өнер майталманынан тұратын Қазақстанның ең белді әрі танымал оркестріне айналды. Бұған дейін, елдің үш өңірі және Ресей, Испанияда өткен мерейтойлық концерт бұнымен тоқталмай, жалғасатын табатын болады.

ҚУАНЫШБЕК МҰХАНҒАЛИЕВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ендігі кезек – жылдың соңына шейін Алматының төрінде Құрманғазы оркестрінде 15 жылдай қызмет жасаған Айтқали Жайымов ағамыздың жеке шығармашылық кеші. Өзбекстаннан келген дирижерларымыздың және тағы басқа концерттермен қуантамыз деген ойдамыз. Сосын Қытай еліне және Берлин қаласына сапарымыз тұр.

Ал келер 2020 жылы мерейтойлық концерттер Қарағанды, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан өңірлеріне ұласады. Бұған қоса, Белорусь пен Франция елдеріне гастрольдік сапарлар жоспарланған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: sn.kz