«Astana Musical» «Шаңырақ» музыкалық қойылымын ұсынады

«Astana musical» театрында БАҚ өкілдеріне жаңа қойылымның алдын-ала көрсетілімі өтті. «Шаңырақ» – бұл жаңа бағыттағы музыкалық перфоманс. Қойылым арнайы құрылған киіз үйдің ішінде сахналанады. Оқиғаның өзегі – адам өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі сәттерін қазақтың салтымен байланыстырып көрсету.

Әдет-ғұрып ұлттық әуен, төл музыкалық аспаптар, заманауи хореографияның үйлесімі арқылы ұсынылады. Кейіпкерлердің ішкі сезімі әсем саз, би тілімен қатар, ария, дует, трио, хор жанрымен жеткізіледі.

Қазақ халқының рухани азық мұрасына негізделген «Шаңырақ» музыкалық қойылымының тұсаукесері қараша айының 5 мен 6 күндеріне жоспарланған.

ЕСЛӘМ НҰРТАЗИН, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР, «ASTANA MUSICAL» МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл – Қазақстанда әлі болмаған, тез үрленіп қойылатын киіз үй. Осы киіз үйдің ішінде біз ойнаймыз. Актерлермен 4 ай көлемінде жұмыс істедік. 4 айдың ішінде біз драматургияны нөлден бастап бүгінгі күйіне дейін жазып шықтық. Музыканы да түгелдей жаңадан жазып шықтық. Өзіміздің фольклорда бар халық әндері соған негізделген. Соның ішінде сыңсуларымыз бар, аушадиярларымыз, үкауымыз бар.  Соның барлығы жаңа көзқараспен өңделген.

Фото: inform.kz