Мүсінші Шоқан Төлештің «Алтын бағыт» атты жеке көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында танымал қазақстандық мүсінші Шоқан Төлештің жеке көрмесі ашылды. Шара шебердің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Өнерсүйер қауым назарына 60-тан артық жұмыс ұсынылып отыр. Негізінен, күміс, қола, алюминий, тас пен ағаш сынды табиғи материалдардан жасалған туындылар.

ШОҚАН ТӨЛЕШ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, КӨРМЕ АВТОРЫ:

 - Еңбектерім негізінен әйелдер қауымына, аналарға арналған. Дәл кіре берісте қонақтарды «Ханшайым», «Ханшайым-1», «Ханшайым-2» және «Дала аруы» атты топтама қарсы алады. «Таңсәрі» атты жинағым да сұлу нәзік жандыларымызға арналған. Өйткені әйел бейнесі арқылы көп нәрсені жеткізуге болады. Мәселен, атқан таңды да кербез әйел тұлғасына балап жеткізгім келді. «Кербез Астана» деп аталатын жұмысым да – нәзік жанды бейнесінен шабыт алып туған еңбектердің бірі.

Шоқан Төлештің бұл жатық тілі Шығыс пен Батыстың дәстүрлі көркемөнер мәнерін шебер үндестіруге мүмкіндік берді. Сала майталмандарының пікірі оның еңбектерінде сақ, түркі мәдениетінің бірегейлігі көрініс табады дегенге саяды. Мүсіндік композициялардың шынайылығы мен орындау шеберлігінде мін жоқ дейді, мамандар.

БОЛАТ МҰХАМЕДИЕВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Мәселен, Шоқанның мына бір «Ойшыл» атты жұмысында адам бейнесін жеткізуден бұрын, айтайын деген ойын айқын көруге болады. Бұл оның қайталанбас хас шебер екенін байқатады. Шоқанның туындыларында терең ой, астарлы ақиқат тұнып тұр. Бұл заманауи өнердің аса күрделі әдісі болып табылады. Ол – Қазақстан түгіл бүкіл ТМД аумағында осынау бір абстрактілі-сюжеттік-ойлар мәдени бағытына ден қойған алғашқы адам.

Шоқан Төлештің шығармашылығы айдай әлемге танымал. Оның еңбектері Швейцария, Ресей, Ұлыбритания, Мысыр елдеріндегі көрмелердің төрінен орын тепті.

Сондай-ақ тың жұмыстары АҚШ, Сингапур, Бельгия, Италия, Австрия елдерінің өнер туындыларын жинаушылардың жеке топтамасында сақтаулы. Жақын арада мүсіндері Франция мен Түркияда қойылатын болады.  Елордалықтар мен шаһар қонақтарына бұл көрмені 1 ай бойы тамашалау мүмкіндігі жасалған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: Zakon.kz