Елордада «Voice Of Nur-Sultan» халықаралық фестивалі өтеді

Елордада «Voice of Nur-Sultan» халықаралық фестивалі өтеді. Шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен екінші рет ұйымдастырылмақ. Оған Ресей, Болгария, Украина, Грузия, Португалия, Қытай, Әзербайжан және Қазақстан елдерінің әншілері қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы шара байқау ретінде өткізілсе, биыл фестивальдік форматқа ауыстырылды.

Екі күнге созылатын концертте шетелдік әншілер отандық эстрада жұлдыздарымен бірге қазақ тілінде әндер шырқайды. Жобаның мақсаты – мәдениет саласының имиджін арттыру, сондай-ақ қазақстандық музыкалық шығармашылықты насихаттау.

Айта кетейік, фестивальге «Хабар» Агенттігі ақпараттық қолдау көрсетеді.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазан айының 25-26 күндері «Хабар» арнасы мен «Kazakh TV» телеарнасы «Voice of Nur-Sultan» атты үлкен халықаралық ән байқауын тікелей эфирде көрсетпекші. «Хабар» арқылы отандық көрермендер көрсе, «Kazakh TV» арқылы шетелдегі осы жобаға қызығушы азаматтар тамашалай алатын болады. Тағы бір ерекшелігі – Ресей және осы байқауға қатысып жатқан елдердің телеарналары да бізбен қатар осы жобаны тікелей эфирде және жазба түрінде өз аудиториясына ұсынбақшы.  

ЖІГЕР АУЫПБАЕВ, ӘНШІ:

Мен осы жобада украиналық Алина Башкина деген арумен бірге «Құс жолы» атты Төлеген Мұхамеджановтың әніне жазылған туындыны дуэт болып орындаймыз. Осы жобаға мен шақырту алып, Қазақстан эстрада жұлдыздарының атынан келіп қатысып отырғаныма өте қуаныштымын.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: Казинформ