Әбдіжәміл Нұрпейсовтың туғанына – 95 жыл

«Қан мен Тер» трилогиясының авторы, Арал тағдырын, мұңы мен қайғысын жұртшылыққа кеңінен таратқан, шығармашылықтың шыңына шыққан абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа келді.

Қаламгердің айтулы мерейтойына орай Нұр-Сұлтанда «Әбдіжәміл Нұрпейісов әлемі: шеберлік феномені» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шарадағы мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» тұжырымдамалық еңбегі аясында заманымыздың заңғар жазушысы, әлем және ТМД елдеріне танымал тұлға Әбдіжәміл Кәрімұлының руханияттағы дара орнын және оның әдеби дамуға қосқан үлесін байыптау. Сондай-ақ конференцияға қатысушы өткен мен келер ұрпақты байланыстырушы көпір болып табылатын ғалымдар мен сарапшылардың ой-пікірін азық ету.

ҚАЙРАТ САҚ, АЛАШТАНУШЫ-ҒАЛЫМ:

– Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ прозасын әлемдік деңгейге көтерген, абыз қаламгеріміз. Оның шығармаларын тек Қазақстан ғана емес, ТМД елдері және соңғы кезеңдерде шет тіліне аударып, әлем оқырмандары танысуда. Негізінен әдебиетші бүкіл өмірін Арал проблемасына арнап келе жатыр. Осындай жазушыларымызды, олардың шығармашылығын насихаттау арқылы көпшілікті кітап арқылы өзінің рухани байлығын күшейтуге маңыз беріліп отыр.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әбдіжәміл Нұрпейісов атамыздың кез келген шығармасын қазақ әдеби тілінің алтын қорына жатқызуымыз керек. Тілді өте жақсы білген. Өйткені соғыс көрген адам, майдан көрген адам, өткен дүниені тәппіштеп жазу, оны мөлдірете жазу, жаныңды солқылдата жазу дейтін дүниені берген қаламгерді біз қалай да ұмытпай, ұлттың бағына біткен қаламгер, классик деп білуіміз керек.