Нұр-Сұлтанда алаштанушы-ғалым Қайрат Сақтың еңбектерінің таныстырылымы өтті

«Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» және «Елу деген бір белес». Елорда төрінде алаштанушы-ғалым Қайрат Сақтың осылай аталатын екі кітабының таныстырылымы өтті.

«Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» жинағы «Алаш көсемсөзі» көптомдығының IV томы болып табылады. Оған Алаш арыстарының шаруашылық мәселесіне арнап жазған мақалалары, толымды еңбектері енген. Сондай-ақ іс жүргізудің, кәсіп игерудің, елді еңбекке баулудың қыр-сыры көрсетіледі. «Алаш көсемсөзінің» осыған дейінгі үш томында жер, тіл және дін мәселелері қамтылған. Ал «Елу деген бір белес» атты жинақта ғалымның қазақ руханияты мен ұлт журналистикасына сіңірген сүбелі еңбектері мен шығармашылық жетістіктері туралы зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен шәкірттерінің шынайы лебіздері топтастырылған.

ҚАЙРАТ САҚ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, АЛАШТАНУШЫ-ҒАЛЫМ:

 - Біз өмірбойы, осы саналы ғұмырымызды алаш баспасөзі мен көсемсөзін зерттеуге арнап келе жатырмыз. Соның аясында ғылыми жоба жүзеге асқан. Мақсат – Алаштың құнды көсемсөз мұрасын архифтерден аршып алып, бүгінгі ұрпаққа, келер ұрпаққа аманаттау. Ал екінші «Елу деген бір белес» кітабымыз – біз биыл екі беске келіп отырғандағы елге берген есебіміз. Абай дана айтады ғой, әр жылыңа, әр күніңе есеп бер деп.  

ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, АЛАШТАНУШЫ:

-  Алаш көсемсөзі түрлі салаларға байланысты кітаптың оқырман үшін беретін маңызы ерекше деп есептеймін. Өйткені бұл кітапта 30-шы жылдары қаншама репрессияланып кеткен қазақ оқығандарының ойы, пікірі жинақталған. Әрине білім де, ғылым да, қоғамдық өмір де, сонымен бірге өмірдің түрлі саласы да өз заманына сай айтылады. Бірақ соның өзінде олардың ұлттың бірлігіне, ұлттың мемлекеттік негіздерін қайта жаңғыртуға деген ұстанымы айқын көрініп отырады. Сондықтан бұл еңбекті маңызды деп есептейміз.

Фото: Хабар 24