Қазақстандық музыканттар Карнеги-холлда өнер көрсетті

Қазақстандық музыканттар АҚШ-та гастрольдік сапармен жүр. Нью-Йоркте әйгілі Карнеги-холл сахнасында Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Еуразиялық симфония оркестрінің, «Каприччи» скрипкашылар ансамблі, «Шабыт» домбырашылар ұжымы америка жұртшылығына «Ұлы Дала елінің рухы» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Бірінші бөлімде өнерпаздар Тілес Қажығалиевтің, Сергей Прокофьевтің және Рахат-Би Абдысағынның шығармаларын орындады.

ПОЛ ЧЕСТЕР, МАНХЭТТЕН ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған концерт ұнады. Қазақстандық музыканттарды тұңғыш рет көрдім. Әсіресе, оркестр үлкен әсер қалдырды. Жас болғанымен, ұлы композиторлардың туындыларын өте кәсіби және дарынды орындады.

АННА АРЦИБАШЕВА, НЬЮ-ЙОРК ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған домбырашылардың өнері ұнады. Ешқашан осындайды көрген емеспін. Маған әсер еткені сондай, тіпті жүрегімнің соғысы жиілеп, қатты толқыдым.

Өзге де көрермендер концерттен осындай сезімге бөленіп шықты. Әсіресе Пабло Сарасатенің «Наварра» шығармасын ұсынған халықаралық конкурстар лауреаты Жібек Мұсырғалиеваның шебер орындауы жұрттың таңдайын қақтырған. Қазақстандық артистермен бірге Израиль скрипкашысы Шломо Минц және америкалық Самуэль Небью өнер көрсетті.

ЭЛИЗАБЕТ БРАУН,  БҰҰ ӘЙЕЛДЕР КЛУБЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Тамаша концерт! Жас музыканттарыңыздың өнері – еліміздің зор қазынасы. Таңғаларлық музыка! Қазақстан мәдениеті жарқын әрі бай екен. Осы ұжымның концерттерінде бұрын да болғанмын. Шеберлігіне сүйсінуден жалықпаймын.

Айта кетейік, жоба АҚШ-тың жетекші өнер университеттерімен меморандумдар мен оқу-өндірістік практика және академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша студент алмасу аясында ұйымдастырылды.

Сондай-ақ шара Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналды. Қазақстандық музыканттардың Америкадағы сапары әрі қарай жалғасады.

Фото: Хабар 24