Елордада «Екі данышпан» атты бірегей көрме ашылды

Бір дәуірдің екі данышпаны: Михаил Лермонтов пен Тарас Шевченко. Нұр-Сұлтан қаласында осындай атаумен бірегей көрме ашылды. Ерекше жоба ақындардың 205 жылдығына арналған. Ресей мен Украинаның ойшылдары өмірде жүздеспесе де мүдделері мен шығармашылығы тоғысқан жандар болды. Түйедей құрдас сөз зергерлерінің әуестіктері де ортақ еді. Қос алып тұлға да жазушылықпен қатар, қылқалам тербеген бейнелеу өнерінің шебері болды. Сондықтан көрмеде төл сурет туындыларын тамашалау мүмкіндігі жасалған. Кейін бұл жәдігерлер еліміздегі Шевченко мұражайына сыйға тартылады. Дені – Лермонтовтың портреттері.

НИКОЛАЙ МАЛЬЦЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ ӘРІПТЕСТІГІ ӨКІЛДІГІНІҢ МӘДЕНИ БАҒДАРЛАМАЛАР ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Ақынның көзі тірісінен қалған портреттері санаулы ғана. Олардың өзінің көбі бүгінге дейін сақталмаған. Олардың алтауы осы көрмеде ұсынылып отыр. Әрине бұл кескіндемелер түпнұсқа емес. Дәл жасалған көшірмелері. Сонда да сирек жұмыстар қалың қауым үшін аса қызықты деп танылған. 

Фото: sputniknews.kz