«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына Тәжікстан қатысуда

Елордада «Ұлы дала елі» форумы екінші рет ұйымдастырылды. Ауқымды жиынға отандық және шетелдік өндірушілер, сауда желілерінің өкілдері, өнім дистрибьюторлары жиналды. Форум аясында өткен қолөнершілер көрмесіне 100-ге жуық шебер қатысты. Олар былғарыдан, шыныдан, тас пен саздан жасалған бірегей бұйымдарын таныстырумен қатар, шеберлік дәрістерін өткізіп, тәжірибе алмасты. Биыл көрмеге отандық ісмерлермен бірге шетелдіктер де қатысуға мүмкіндік алды. Мысалы, ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырған тәжікстандық кәсіпкерлер Қазақстаннан әріптес іздейді. Олар екіжақты іскерлік серіктестіктің әлеуеті мол екеніне сенімді.  

АБДУСАИД КОЗИЕВ, ҚОЛӨНЕРШІ /ТӘЖІКСТАН/:

 - Біздің ұлттық киімдер қазір сұранысқа ие бола түсті. Еуропа, Америка, Ресей біздің киімдерімізді киеді. Сіздердің тараптан да сұраныстың барын байқадым. Сондықтан да біз келдік.

АБДУКАХОР ХАМДАМОВ, ҚОЛӨНЕРШІ /ТӘЖІКСТАН/:

–Тоқыма саласында серіктестік орнатуға болады. Біздегі ангора иірімжіптеріне, сапалы жүнге сұраныс бар. Мысалы, бартер туралы келісіп үлгердік. Бағасы да, жеткізу мерзімі жағынан да тиімді болуы үшін енді өнімді жеткізу жолдарын ойластыру керек.

Фото: Егемен Қазақстан