«Астана Опера» театрында «Дон Карлос» операсының премьерасы өтті

«Астана Опера» театрының сахнасында көптен күткен премьера. Елордада Джузеппе Вердидің аты ағызға айналған «Дон Карлос» операсының тұсауы кесілді.

Әлемдік классиканың жауһары Режиссер Девиде Ливермордың жаңа көзқарасымен жергілікті көрерменге жол тартты. 

ДАВИДЕ ЛИВЕРМОР, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР:

 - «Дон Карлос» атақты опералардың бірі. Ол адамның ішкі жан дүниесіне терең саяхат жасайтын туынды. Джузеппе Верди музыкалық жағына келгенде аса күрделі опера жазған. Осынау ерекше шығармада адам көңіл-күйінің қыр-сыры өте шебер жеткізілген.

Опера орындау күрделігіне қарамастан оқиға желісі көрермендермен жеңіл қабылданады. Сахналық туынды тарихи бейнелерге, мәдениет пен саясат, діни көзқарас, күйзеліс пен бақытсыз махаббатқа, қайғылы оқиғаларға толы.                   

Классикалық өнер майталманы Алан Бөрібаевтің айтуынша, «Дон Карлос» операсы техникалық және сценографиялық мүмкіндіктердің кеңдігімен бірге үлкен диапазонды кәсіби әншілердің шеберлігін қажет етеді.

АЛАН БӨРІБАЕВ, ҚОЮШЫ-ДИРИЖЁР:

 - Кәсіби музыканттарлдан құралған үлкен оркестріміз бар. Бұндай ауқымды мүмкіндіктері жоқ театрлар әйгілі «Дон Карлос» операсын қоя алмайды. Сондай-ақ ерекше дауысты солистер қажет. Өйткені операны ойнаудан бұрын музыкалық партияларды орындау аса қиын. Бізде бұның бәрі бар. Техникалық жағынанда тым күрделі қойылым. Театр үшін бұл үлкен жетістік саналады. Менің көзқарасымша спектакль қазіргі 21-ші ғасырдың талабына сай аса жоғары талғаммен құрылған.

Айта кетейік, қойылымға «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен хоры толық құрамда қатысты.

Фото: Хабар 24